Ақмола облысында науқастың 1,5 млн теңгесін алдап алған дәрігер сотталды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Атбасар аудандық соты науқастың туысын 1,5 млн теңгеге алдап соққан дәрігерге қатысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы шілдеде Атбасар көпсалалы ауданаралық ауруханасының терапиялық бөлімін уақытша басқарған дәрігер Р. ауыр халде түскен науқасқа Астанадағы №2 қалалық ауруханада «ақылы ем алу қажет» деген ұсыныс жасаған.
Дәрігер науқастың тегін медициналық көмек алу құқығы барын білгеніне қарамастан, кардиохирургпен ешқандай келісімсіз туысын алдап, 1,5 млн теңге талап еткен. Науқастың туысы бір күнде 500 мың теңгені, келесі күні қалған 1 млн теңгені дәрігердің есепшотына аударған.
Соттың мәліметінше, айыпталушының кінәсі мойындауымен, жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және алынған дәлелдемелермен расталды.
Сот дәрігердің шын жүректен өкінуін жеңілдететін жағдай ретінде ескеріп, оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, үш жыл бойы медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Ақмола облысында 3,7 млрд теңге жымқырған алаяқтар тобының ісі сотқа жолданды.