Ақмола облысында салық органдары шетелдік инвесторға 25 млн салық салған

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында салық органдары шетелдік инвесторға 25 млн теңге кедендік баж, қосымша құн салығы және өсімпұл есептегені анықталды. 

салық
Фото: Kazinform

Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, бақылау органдарына автомобильдер мен ауылшаруашылық техникаларына арналған қосалқы бөлшектер шығарумен айналысатын «Rubber Technical Items» неміс инвесторы өтінішпен жүгінген.

Инвестор фискалдық орган тарапынан проблемаға тап болған. Анықталғандай, салық органы кедендік тексеру нәтижелері бойынша 25 млн теңге кедендік баж, ҚҚС және өсімпұл есептеген.

«Қосымша есептеу үшін тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарда кейбір деректердің болмауы негіз болған. Өз кезегінде инвестор қажетті деректер жетіспейтін тауардың шығу тегі туралы сертификаттардың нұсқаларын ұсынған. Осыған қарамастан, салық органы оларды ескермеген. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кедендік тексеру қорытындылары бойынша негізсіз қосымша есептелген сома жойылды», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында салық органдары 65 кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіргенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар