Ақмола облысында сібір жарасының теріге шығатын түрі тіркелді
АСТАНА.KAZINFORM — Ақмола облысы Атбасар ауданының бес тұрғыны Көкшетау қаласындағы жұқпалы аурулар орталығында емделіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ақмола облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Атбасар ауданында сібір жарасының бес жағдайы тіркелген.
— Ауру ошағында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, денсаулық сақтау органдары, ветеринарлық инспекция, полиция және жергілікті атқарушы органдар мамандарының қатысуымен эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Зертханалық зерттеулер ұйымдастырылып, эпидемиологиялық және эпизоотологиялық тексерулер жүргізіліп, ошақ маңында дезинфекциялық шаралар жүргізіліп жатыр, — деп забарлады ведомство.
Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы да Атбасар ауданында сібір жарасы ауруының тіркелу фактілерін растады. Қазіргі таңда бес ауыл тұрғыны Көкшетау қалалық инфекциялық бақылау орталығында ем алып жатыр.
— Облыстың штаттан тыс бас инфекционисі санитарлық авиация көлігімен оқиға орнына барып, науқастарды тексеріп, диагностика және емдеу шараларын жүргізіп, облыс орталығына жеткізді. Науқастарда дене қызуы көтерілген. Олардың жағдайы тұрақталды. Қазір жаралары жазылып, оң динамика көрсетіп келеді, — деп атап өтті дәрігерлер.
Тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетелік Сібір жарасы жерленген аумақтарға жақын жерлер мемлекетке қайтарылғаны туралы жазған едік.