Ақмола облысында шомылу маусымы басталғалы төрт бала суға кетті
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында шомылу маусымы басталғаннан бері төрт бала суға батып кетті. Тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларға бақылауды күшейтуге және қараусыз қалдырмауға шақырады.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жаз басталғалы өңірде балалардың суға кету жағдайы жиілеген.
«Шомылу маусымы басталғаннан бері өңірде төрт бала суға батып кетті. Қайғылы жағдай Целиноград, Жақсы, Сандықтау аудандарының және Бестөбе кентінің аумағындағы су айдындарында болды», - деді ведомстводан.
Осы ретте, тәртіп сақшылары ата-аналардан жазғы кезеңде балалардың бос уақытын бақылауды күшейтуді және оларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Сондай – ақ, суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Ведомстводан атап өткендей, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабының 1-бөлігіне сәйкес тыйым салынған жерлерде шомылған балалардың заңды өкілдері «ескерту» түрінде әкімшілік жауапқа тартылады. Ал, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзса онда 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында қайығы аударылып қалған балықшы құтқарылғанын жазған едік.