Ақмола облысында синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысы прокуратурасының бастамашылығымен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 27 мамырда Полиция департаменті синтетикалық есірткі дайындайтын зертхананы анықтады.

— Тінту барысында шамамен 200 грамм синтетикалық есірткі, 150 килограмм химиялық прекурсорлар, тыйым салынған заттарды дайындауға арналған әртүрлі зертханалық жабдықтар, 9 млн теңгеден астам қаражат, сондай-ақ 2 қару тәркіленді, — делінген Ақмола облысының прокуратурасы хабарламасында.
42 жастағы ұйымдастырушы мен оның сыбайласы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тәркіленген заттар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды.
Аталған факт Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы 3-бөлігімен, яғни аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз дайындау, қайта өңдеу, өндіру және сату бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Көрсетілген баптың санкциясы мүлікті тәркілеумен бірге 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Қылмыстық істі тергеу барысы бақылауға алынды, жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Айта кетелік Испаниядан есірткі тасымалдаған қазақстандық 16 жылға сотталған еді.