Ақмола облысында су басқан ауылдан науқас әйел қайықпен құтқарылды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында су басқан елді мекендерден тұрғындарды құтқару жұмысы жалғасып жатыр. Старый Колутон ауылында қан қысымы көтерілген әйелді құтқарушылар қайықпен алып шыққан.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Қалқұтан (Калутон) өзенінің тасуы салдарынан Старый Колутон ауылын су басқан.
Соның салдарынан тұрғындардың қатынасы қиындаған.
Ауыл тұрғыны 65 жастағы әйелдің қан қысымы көтеріліп, құтқарушылардың көмегіне жүгінді.
«Шақыру бойынша барған Астрахан ауданының ТЖБ бастығы Аят Сералиев бастаған құтқарушылар зейнеткерді қайықпен алып шығып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Науқас бірден Астана қаласындағы ауруханға жатқызылды. Құтқарушылардың ширақ қимылының арқасында науқас уақтылы дәрігерлерге қаралып, қазір жазылып шықты», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 100-ден астам үйді су басқанын жазған едік.