Ақмола облысында су тасқыны жағдайы тәулік бойы бақылауға алынған
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында су тасқыны қаупіне байланысты гидрологиялық жағдай тәулік бойы бақылауға алынған.
Су басу қаупі бар елді мекендерге ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, Аршалы ауданы аумағындағы Жібек жолы ауылы мен «42 разъезд» станциясында су деңгейі мен тасқынның даму барысына үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатыр.
- Мониторинг жұмыстары Төтенше жағдайлар министрлігі басшылығымен ұйымдастырылған. Жедел қызметтер су айдындарының, гидротехникалық құрылыстардың және өзен арналарының жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Қазіргі уақытта өңірдегі гидрологиялық ахуал тұрақты. Су басудың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда, - делінген ТЖМ дерегінде.
Жағдай тұрақты бақылауда, мониторинг жұмыстары тәулік бойы жалғасады.
Айта кетейік, ШҚО-да су тасқынына қарсы әуеден бақылау жүргізілді.