Ақмола облысында тері инфекциялары артып келеді

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысында тері инфекцияларының өскені тіркелді. Ауруға шалдыққандардың 60%-дан астамы – балалар, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Серік Омарханов
Фото: Ақмола облыстық ӨКҚ

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омархановтың айтуынша, биыл өңірде тері инфекцияларының өсуі 1,7 есе артқан. Барлығы 392 жағдай анықталған: оның ішінде 21 – қышыма, 371 – дерматомикоз. Ауру жұқтырғандардың 237-сі – балалар (60,4%).

— Зарарлану факторларының негізгісі: науқас адамдармен байланыс — 18%, үй жануарларымен — 23%, қаңғыбас жануарлармен — 34%. Сонымен қатар жұқтыру жағдайларының 25%-ы басқа өңірлерден келген науқастарға байланысты. Аурудың өсуі жеке гигиена талаптарының сақталмауы және халықтың алдын алу шаралары туралы ақпараттануының төмен болуымен байланысты, — деді С.Омарханов.

Бұған қоса, биылғы 10 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жедел ішек инфекциялары да 1,1 есе артқан. Барлығы 322 жағдай тіркелген. Оның 207-сі — 14 жасқа дейінгі балалар (64,2%).

— Ең жоғары көрсеткіш Бурабай ауданында (100 жағдай), Көкшетауда (101 жағдай) және Есіл ауданында (36 жағдай) тіркеліп отыр. Бурабай ауданында екі жергілікті жұқпа ошағы тіркелді, Атбасар ауданында да жекелеген жағдайлар байқалды, — деп қосты облыстың бас санитариялық дәрігері.

Жедел ішек инфекциялары құрылымында 59,9% жағдайдың этиологиясы нақтыланған, ал 39,7% — анықталмаған. Бұл эпидбақылауды және зертханалық қадағалауды күшейту қажеттігін көрсетеді.

Еске сала кетсек, Павлодарда балалар арасында вирусты инфекция өршіп, аурухана науқастарға толып қалғанын жаздық.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов кейбір ірі қалалардағы инфекциялық стационарларға науқастардың көптеп келіп жатқанын растады.

Соңғы жаңалықтар