Ақмола облысында трактор аударылып, жүргізушісі қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында трактор аударылып, жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Қайғылы оқиға 14 қарашада Зеренді ауданында, Елікті ауылының маңында болған. Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, К-700 маркалы трактор аударылған.
— Оқиға салдарынан жүргізуші сол жерде көз жұмды. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомство.
Ал Ақмола облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, жұмыс берушіден жазатайым оқиға туралы хабарлама түспеген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
— Жұмыс беруші жазатайым оқиға туралы хабарламаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар оған жазатайым оқиға туралы хабарлама беру жөнінде нұсқама орындату міндеттеледі, — деп толықтырды инспекция өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Теміртауда автобус жүргізушісі ағашпен соқтығысқан жол апатынан кейін көз жұмған еді.