Ақмола облысында туристік фирманың басшысы алаяқтық жасады деп күдікке ілінді

АҚМОЛА. KAZINFORM — Ақмола облысында 39 азамат туристік агенттікке алданып қалды. Көкшетау қаласының 27 жастағы тұрғыны шетелде демалуға бел буғандарды сан соқтырған. 

Ақмола облысында туристік фирманың басшысы алаяқтық жасады деп күдікке ілінді
Фото: pixabay.com

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі құқық қорғау органдары алаяқтық жасады деген күдікпен туристік фирма басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын хабарлады.

— Жәбірленушілерден алғашқы шағымдар Көкшетау қаласының полиция бөліміне 2024 жылдың желтоқсан айында түсті. Арыз-шағымдар биыл тамыз айына дейін жалғасты. Арызданушылар туристік агенттік туристік қызметтерді көрсетеміз деген желеумен олардың қаражатын заңсыз иемденгенін хабарлады. Аймақтың 39 тұрғыны заңсыз әрекеттердің құрбаны болды. Жалпы шығын шамамен 35 миллион теңгені құрады, — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Полицейлер күдіктінің 27 жастағы Көкшетау қаласының тұрғыны екенін анықтады. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді.

Облыстық тәртіп сақшылары азаматтарды қырағы болуға және туристік фирмаларды мұқият таңдауға шақырды.

— Қызметтер үшін төлем жасамас бұрын компанияның лицензиясын және тіркеуін тексеріңіз. Ашық көздердегі тұтынушылардың пікірлерін және агенттік беделін қарап шығыңыз. Шынайы болу үшін тым жақсы болып көрінетін ұсыныстардан сақ болыңыз, өйткені олар алаяқтық болуы мүмкін. Төлемдерді тек компанияның ресми банк деректемелері арқылы жүзеге асырыңыз, — деп қосты департамент.

Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар