Ақмола облысында Түркі жазуы күніне арналған конференция өтті
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Түркі жазуы күніне орай Көкшетау қаласында «ТҰРАН ӨРКЕНИЕТІНІҢ АСЫЛ МҰРАСЫ» атты түркі жазуы күніне арналған конференция өтті деп хабарлайды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы.

Шараның мақсаты — қазақ жазуының тарихына үңіліп, құнды мәліметтермен бөлісу.
Аталған конференцияға белгілі ғалымдар мен профессорлар, Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдері, тарих пәнінің мұғалімдері, сондай-ақ мәдениет және өнер саласының қызметкерлері қатысты.

Шарада сөз сөйлеген спикерлер Түркі жазуының қалыптасуы жайында құнды деректермен бөлісіп, өз ұсыныстарын айтты.
— Ежелгі түріктер өзіндік келбетке ие өркениеті мен жазу мәдениеті арқылы адамзат тарихының дамуына, ақыл-ой қазынасының кемелденуіне зор үлес қосты. Қадым замандарда-ақ озық мәдениетке қол жеткізген бабаларымыз өз әліпбиін түзіп, төл жазуын тасқа таңбалады, — деді Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы.

Сарапшының айтуы бойынша, Түркология ғылымында бұл жазуларды «Орхон жазба ескерткіштері», «Енесей жазба ескерткіштері», «Талас жазба ескерткіштері» деп атайды.
— Түркі халықтарының тарихы, мәдениеті — жалпы заттық және рухани құндылықтары бір ғана тектен көктегеніне күмән жоқ. Содан барып олардың ортақ дүние танымы қалыптасқан. Түркологияда түркітілдес халықтардың тілінің тарихи тамырын бір арнадан іздеу ежелден бар үрдіс — деді ҚР Ұлттық музейі Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институты Қазақтың дәстүрлі мәдениеті бөлімінің жетекшісі, PhD докторы Ардаби Маулет.

Ол өзінің баяндамасында түркі халықтарының түбі бір екендігіне тоқтала отырып, ауқымды дәлелдер келтірді.
— Аталған шараның түркі халықтары үшін маңыздылығын ескеріп, алдағы уақытта осындай шараларды жүйелі түрде өткізу керек — деп өз ұсынысын білдірді Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы.

Айта кетсек, «ТҰРАН ӨРКЕНИЕТІНІҢ АСЫЛ МҰРАСЫ» атты конференция «Түркі жазуы» күніне орай ұйымдастырылған. Аталған мереке жыл сайын атап өтіледі. Мысалы, өткен жылы Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қарамағындағы Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Әзербайжан, Татар және Чуваш этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен «РУНА ЖАЗУЛАРЫ» атты түркі жазуы күніне арналған фестиваль өтті. Алдағы уақытта да түркі өркениетінің болмысы мен мәдениетінен хабар беретін шараларды өткізу жоспарда бар.

Бұған дейін Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы Жоғарғы соттарының конференциясына қатысқанын жаздық.