Ақмола облысында үй ауласынан қарасора алқабы анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында полицейлер құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегін анықтады. Тексеру барысында ауыл тұрғынының ауласынан ондаған түп қарасора табылды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Жақсы ауданына қарасты Белағаш ауылының 39 жастағы тұрғыны өз үйінің ауласында қарасора өсірген.
Жүргізілген іс-шара барысында полицейлер аумақтан 79 түп қарасораны анықтап, тәркілеген. Табылған өсімдіктердің барлығы тиісті сараптамаға жіберілді.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің қарасораны қандай мақсатта өсіргенін тексеріп жатыр.
Еске салайық, есірткіге қарсы Үкімет жаңа шараларды қолға алады.
Камила Тайтөлеу