Ақмола облысында үйге қарумен басып кіргендерге қатысты іс қайта қаралады

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында түн ішінде бетперде тағып, қарумен тұрғын үйге басып кірген үш ер адамның әрекетіне кассациялық сот қайта баға берді. Бұған дейін олар тонау бабы бойынша сотталған, алайда Бас прокуратура бұл саралаумен келіспеді.

сот
Фото: Kazinform/ЖИ

Ведомствоның мәліметінше, қарақшылар түнгі уақытта тұрғын үйге кіріп, үйдегілерге күш қолданған. Сондай-ақ аңшылық мылтықтың шолақ ұңғысымен қорқытып, ақша мен бағалы заттарды талап еткен.

Қаскөйлер 4 млн теңгеден астам сомаға мүлікті иемденіп, үйдегі өзге адамдарды жертөлеге қамап кеткен.

Бас прокуратура сотталғандардың әрекетін тонау деп саралау дұрыс емес деп есептеп, кассациялық наразылық енгізді.

— Жәбірленушілер қарумен төнген қатерді өмірі мен денсаулығына нақты қауіп ретінде қабылдаған, — делінген хабарламада.

Прокуратура қарудың атылғаны немесе оның техникалық жай-күйі туралы мәліметтердің болмауы қарақшылық белгілерін жоққа шығармайтынын атап өтті.

Кассациялық сот прокуратураның уәждерін қолдап, бұрынғы сот актілерінің күшін жойды. Қылмыстық іс қайта қарауға жіберілді.

Сот тәжірибесінде тонау мен қарақшылықты ажырату кезінде келтірілген залалмен қатар, шабуылдың сипаты, қолданылған күш және жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына төнген қауіп те ескеріледі.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде бетперде киген белгісіз біреу үйге шабуыл жасап, бір адамды атып кеткенін хабарлағанбыз.