Ақмола облысында заңбұзушылықтардың алдын алумен дрондар айналыса бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында дрондар түрлі маңызды салалардағы заң бұзушылықтардың алдын алуға кірісті. Бұл туралы Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы KazInform сауалына берген жауабында мәлімдеді.

- Аймақта мемлекеттік және инфрақұрылымдық жобаларды басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған «Бірыңғай дрон инфрақұрылымы» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жүйе мектептер мен жолдардың құрылысына мониторинг жүргізуге, жылу желілерінің жағдайын бақылауға, жер қойнауын пайдалану саласындағы заң бұзушылықтарды анықтауға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба жоспарлы режимде іске асырылып жатыр, - дейді басқарма мамандары.
Оған қоса әкімдік заңсыздықтарды болдырмау үшін қанша дронның жұмыс істеп жатқанын да айтты.
- Меморандум аясында 4 ұшқышсыз ұшу аппараты берілді. Оның 2-і Көкшетау қаласында, 1-і Қосшы қаласында пайдаланылса, тағы 1 мобильді дрон шалғайдағы елді мекендердегі аумақтарды тексеруге арналған. Жобаны кеңейту және оның тиімділігін бағалау барысында дрондар санын арттыру мүмкіндігі қарастырылады, - дейді олар.
Бірыңғай дрондар инфрақұрылымын жүзеге асыратын «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы. Олар жоба 2029 жылға дейін жалғасатынын айтады.
- Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» АҚ балансында 11 дрон бар, ал жыл соңына дейін қосымша 89 дрон сатып алу жоспарланған. Жалпы, жоба аясында Қазақстан бойынша 100 дрон пайдаланылады. Жоба «Қазақтелеком» АҚ-ның меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Егер жоба сәтті жүзеге асса, оны Қазақстанның басқа өңірлерінде кеңейту және қосымша дрондар сатып алу жоспарланып отыр, - дейді «Қазақтелеком» АҚ цифрлық бизнес дивизионының қызметкерлері.
Компания жыл соңына дейін ұшқыссыз ұшу құрылғыларын төменде көрсетілген өңірлерде де іске қосуды жоспарлап отыр:
1. Алматы облысы;
2. Қызылорда облысы;
3. Ақтөбе облысы;
4. Павлодар облысы;
5. Шығыс Қазақстан облысы;
6. Астана қаласы;
7. Алматы қаласы.
Айта кетейік, бұл бастама ҚР Президентінің 2024 жылғы 11 желтоқсандағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Елорда әкімдерімен бірлесіп экология, абаттандыру және халықтың қауіпсіздігі салаларында жобаларды жүзеге асыруды бақылау мақсатында іске қосылған болатын.
Дәл осындай дрондар СҚО-ға да берілген. Ал олар құрылғыларды су тасқыны қаупін бақылау үшін қолданатындарын айтады.