Ақмола облысында заңсыз жұмыстан шығып қалған тәрбиешінің құқығы қорғалды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысында бірінші және екінші сатыдағы соттар еңбек құқығы бұзылған тәрбиешіні қорғап шықты. Әйел адам жұмысынан кейінгі күнмен заңсыз босатылған еді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Ақмола облысында заңсыз жұмыстан шығып қалған тәрбиешінің құқығы қорғалды
Фото: polisia.kz

Істің мән-жайын Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

2023 жылдың 4 қаңтарында әйел адам бір жылдық еңбек келісімшартымен мини-орталыққа тәрбиеші болып жұмысқа қабылданған. 2024 жылдың қаңтарында жұмыс беруші оған келісімшартты ұзарту немесе тоқтату туралы ештеңе айтпаған, сол себепті тәрбиеші жұмысын жалғастыра берген.

Әйел бір жыл бойы алаңсыз жұмыс істеп жүргенде, 2024 жылдың желтоқсанында оған 2024 жылғы 18 қаңтардағы жұмыстан босату туралы бұйрықты көрсеткен. 2025 жылдың қаңтарынан бастап ол жұмысын тоқтатып, көп ұзамай сотқа жүгінген. 2024 жылғы 18 қаңтар мен 30 желтоқсандағы жұмыстан босату туралы бұйрықтарды заңсыз деп тану және оларды жою, тәрбиеші қызметіне қайта орналастыру, мәжбүрлі түрде жұмыссыз жүрген уақыты үшін еңбекақы өндіру және моральдық өтемақы талап еткен. 

— Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші 2024 жылғы 4 қаңтарда Г.-ны еңбек қатынастарының тоқтатылуы туралы ескертуге міндетті болған, алайда ол жұмысын жалғастырған. Осыған орай, келісімшарт мерзімсіз деп есептеледі (ЕК 30-бап). 2024 жылғы 30 желтоқсандағы жұмыстан босату туралы бұйрық заңсыз, себебі еңбек шарты автоматты түрде ұзартылған.

Ұжымдық шартта келісімшарт мерзімі аяқталған соң тараптар оны қосымша келісіммен ұзарта алатыны көрсетілген, бірақ мұндай келісім жасалмаған. Шартта нақты аяқталу мерзімі көрсетілмеген. Шарт қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді, алайда талапкер 5 қаңтардағы шартқа қол қоймаған.

Жауапкер шартқа қол қоюдан бас тарту актісін ұсынғанымен, талапкердің шартқа қол қою рәсіміне шақырылғаны немесе тиісті түрде хабарланғаны туралы дәлел ұсынбаған. Бұйрықта еңбек шартын ұзартуды реттейтін Еңбек кодексінің бабы көрсетілмеген. 18 қаңтардағы бұйрық талапкердің жағдайын нашарлатады, жауапкер ЕК 30-бабын және ұжымдық шарттың тармағын бұзған, — деп атап өтті сотта анықталған заңбұзушылықтар.

Бірінші саты сотының шешімімен жұмыстан босату туралы бұйрықтар заңсыз деп танылып, жойылды. Тәрбиеші өз қызметіне қайта орналастырылды. Әйелдің пайдасына 560 728 теңге көлемінде мәжбүрлі жұмыспен қамтылмаған уақытына еңбекақы, 100 мың теңге моральдық зиян және өкіл қызметінің шығындары өндірілді.

Облыстық сот алқасының қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалды.

Бұған дейін  1 шілдеден бастап Көкшетауда жарық бағасы өзгеретіні хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар