Ақмола облысында жаңбыр суы автокөлік жолын шайып кетті

Жолды су шайып кетті
Фото: Видеодан алынған скрин

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Бурабай ауданында жаңбыр суы Қаражар ауылына баратын автокөлік жолын шайып кетті.

Топан судың автокөлік жолын шайып кеткендігі туралы видео әлеуметтік желіде жарияланды.

Осыған байланысты Атамекен ауылдық округінің әкімдігінен түсінік берді.

«Нөсер жаңбыр мен егістіктерден ағып келген судан Қайрақты өзеніндегі судың деңгейі көтерілді. Соның салдарынан Қаражар ауылына кіреберіс автожол учаскесінде жол төсемін су шайып кетті», — деді әкімдіктен.

Ведомстводан атап өткендей, Қаражар ауылына балама жол бар. Тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ.

«Су қайтқан соң су өткізу нысандарын орнату жұмыстары қолға алынады», - деп толықтырды ведомстводан.

Алайда, ауыл тұрғындарының айтуынша, аталмыш автокөлік жолын осымен үшінші рет су шайып кеткен. Әкімдіктегілер айтып отырған балама жол болғанымен жүруге жарамсыз көрінеді.

Айта кетсек, бұдан бұрын тасқын судан зардап шеккен Атбасар ауданы мен Көкшетау тұрғындары баспаналы болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
telegram