Ақмола облысында жайлы мектептердің жағдайына кім жауап береді
АСТАНА. KAZINFORM - Ақмола облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Алайда қазір өңірде бұл оқу орындарын күтіп-ұстау мәселесі шешілмей отыр.

Айта кетейік, аталған мектептерді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында жоғары бағалаған болатын.
Ұлттық жоба аясында Ақмола облысында 12 200 орынға арналған тоғыз мектеп уақытында салынып бітті. Қараөткел, Қаражар, Қабанбай батыр, Қоянды, Ақмол ауылдарында бір-бірден және Талапкер ауылы мен Көкшетау қаласында екі мектептен ашылды.
Алайда облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы отырысында айтылғандай, бұл мектептерді күтіп-ұстау мәселесі әлі күнге дейін шешілген жоқ.
Бастапқыда қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асуы тиіс еді. Алайда қаражат бөлінбегендіктен, қазіргі таңда мектептердің күтімі облыстық бюджетке жүктеліп отыр.
Редакцияның ресми сауалына жауап берген Ақмола облысы білім басқармасының өкілдері 2025 жылы мектептерді күтіп-ұстауға облыстық бюджет комиссиясы қаражатты қайта бөлу арқылы 1 млрд теңге бөлінетін болып шешілген.
— Бұдан бөлек, осы тоқсанда мектептерді күтіп-ұстауға қосымша қажеттілік бюджет нақтыланғанда қаралады, — деп толықтырды ведомство.
Еске сала кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы оқушы орындарының тапшылығын, апатты мектептерді және үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған. Президенттің жуырдағы жұмыс сапары барысында Ақмола облысы осы жоба аясында жоспарланған барлық мектепті бірінші болып пайдалануға берген өңір ретінде атап өтілді.
Осыған дейін Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен амбулатория салынып жатқаны туралы жаздық.