Ақмола облысында ЖЭО-ны жөндеп жатқан бір жұмысшы қайтыс болып, үшеуі жарақат алды
АСТАНА. KAZINFORM – Оқиғаның себебі мен мән- жайын анықтау үшін Ақмола облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті арнайы тергеу жүргізу үшін комиссия құрды.

Ақмола облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінен хабарлағандай, жазатайым оқиға 26 тамызда, мердігер ұйымның қызметкерлері Степногорск ЖЭО-дағы № 2 қазандық агрегатында су экономайзерін жөндеп жатқанда болған.
– Зардап шеккендер Степногорск қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді. Олардың біреуі қайтыс болды, үшеуі әртүрлі дәреже жарақат алды. Қазір пациенттердің жағдайы тұрақты, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, емдеудің толық көлемін алады, - деді ведомстводан.
Оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау үшін мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті тергеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрды. Тергеу аяқталғаннан кейін материалдар процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына берілетін болады.
Сонымен қатар Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, осы жазатайым оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
– Қазір тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын және трагедияға алып келген себептерді анықтауға бағытталған тергеу жүргізіп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалардың іс - әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, түпкілікті шешім қабылданады, - деп толықтырды полиция.
Бұған дейін Рудныйда су құбырын жөндеу кезінде екі жұмысшы жарақат алғанын жазған едік.