Ақмола облысында жүк пойызы жайылып жүрген 7 жылқыны қағып кетті

Ақмола облысында «Қырқыншы-Сарыоба» станцияларының аралығында жүк пойызы жайылып жүрген 7 жылқыны қағып кетті, деп хабарлайды Kazinform.

пойыз басты
Фото: Көліктегі ПД

Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қырқыншы-Сарыоба» станцияларының арасында жүк пойызының машинисі теміржол бойында жайылып жүрген бір үйір жылқыны көріп тежегішті қосқан.

Алайда, жүк тиелген пойызды тоқтату мүмкін болмады, 7 жылқы мерт болды.

Салдарынан пойыз 38 минут жолдан қалды.

— Тексеру барысында Астана стансасындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлері жапа шеккен жылқының 45 жастағы астаналыққа тиесілі екенін анықтады. Ер адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 559-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, — деді ведомстводан.

жылқы
Фото: Көліктегі ПД

Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы «Пресногорьков-Бауман» аралығында да жүк пойызы бір үйір жылқыны соғып, үшеуі арам өлді.

Темiржолда мал жаю қағидасын бұзғаны үшін мал иесі — Солтүстік-Қазақстан облысының 43 жастағы тұрғыны әкімшілік жауапқа тартылды.

Қалған 25 бас жылқы қораға қамалды.

Жалпы, жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуінің 1786 дерегі тіркелді, еліміздің темір жолында 1055 рет үй жануарларын басып кету дерегі тіркелді.

Оның ішінде 571 бас жылқы, 309 бас ірі қара, 87 ұсақ мал бар.

жылқы
Фото: Көліктегі ПД

Осы ретте тәртіп сақшылары өңір тұрғындарын теміржол маңында мал жайғанда сақ болуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар