Ақмола облысында журналистер күні атап өтілді

Журналистер күні
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні аталып өтілді.

Салтанатты шараға облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен қызметкерлері, журналистика ардагерлері, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының меншікті тілшілері қатысты.

Шарада Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанов масс-медиа саласының қызметкерлерін кəсіби мерекелерімен құттықтады.

«Бүгінгі таңда Ақмола журналистикасының қуатты мектебі жоғары кәсібилікпен ерекшеленеді, оқырмандарына, телекөрермендеріне жоғары адамгершілік пен рухани сезім сыйлайды деп сеніммен айта аламын. Ақмола облысында барлық жетекші республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының меншікті тілшілері жұмыс істейді, соның нәтижесінде облыстың жетістіктері туралы бүкіл республика біледі. Журналист мамандығы адалдықты, шынайылықты, ашықтықты және, әрине, талантты қажет етеді. Біздің журналистерге осы қасиеттер тән екенін мақтан тұтамын», - деп атап өтті өңір басшысы.

Шарада қазіргі журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар БАҚ өкілдері жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. 

Бұған қоса, жыл сайынғы «Арқа төре – Ақмола» байқауының қорытындысы шығарылды, онда облыстың үздік баспа және интернет-басылымдардың өкілдері марапатталды. Биыл комиссия 70-ке жуық өтінімді қарады. Жиырма негізгі және көтермелеу номинацияларының лауреаттары 300 және 200 мың теңге көлемінде сыйақы алды. Биыл алғаш рет облыстың әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін үздік ақпараттық жариялағаны үшін Жанайдар Мусин атындағы сыйлық тағайындалды.

Айта кетейік, биыл байқау 14-ші рет өтуде. Осы уақыт ішінде шамамен 300 журналист марапатқа ие болды. Жүлдегерлердің арасында Kazinform ХАА Ақмола облысы бойынша тілшісі Оксана Матасова да бар. Әріптесімізді жүлдесімен құттықтаймыз!

Айта кетсек, бұдан бұрын Қазақстандық БАҚ қызметкерлері Президент атынан пәтер алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар