Ақмола облысындағы кейбір шаруашылықтар егістіктің гектарынан 57 центнерден өнім алып жатыр

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысының диқандары күзгі егін орағы жұмыстарының 80 пайызын еңсерді.

астық жинау
Фото: Дарья Аверченко

Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін облыста 3,8 млн гектар алқаптың егіні жиналды.

«Облыс бойынша әр гектардан орта есеппен 13,2 центнерден алғанда 5 млн тонна астық бастырылды. Бұланды ауданындағы алдыңғы қатарлы шаруашылық гектар берекесі 57 центнерден айналуда», – деді ведомстводан.

Айта кетсек, биылғы жылы облыс бойынша себілген ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 5,4 млн гектарды құрайды. Оның 4,7 млн гектары –дәнді және дәнді бұршақ дақылдары. Сонымен бірге, майлы дақылдар, мал азығы, картоп және көкөніс бар.

Облыста науқанға 9 мыңға жуық комбайн (жартысынан астамы қазіргі заманғы өнімділігі жоғары комбайндар), 2,6 мың шалғы, 5 мың автокөлік жұмылдырылған.

Еске салайық, бұдан бұрын Ақмола облысының диқандары мол астықтан үмітті екенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар