Ақмола облысының диқандары мол астықтан үмітті
КӨКШЕТАУ. KAZINF0RM — Биыл Ақмола облысының диқандары мол астықтан үмітті. Елімізде өсірілетін бидайдың төрттен бірін өндіретін өңірде рекордтық өнім жинау жоспарланып отыр.

Күзгі егін орағы науқанының барысы туралы Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов айтып берді.
Оның айтуынша, өңірде науқанды белгіленген кестеге сай жүргізу үшін қажеттінің барлығы жасалған, тек ауа-райы кедергі келтірмесе болғаны.
Қазіргі таңда облыстың бірқатар аудандарындағы шаруашылықтар күзгі астық жинауға кіріскен.
Жалпы, орақ жұмыстарын биыл 5,4 млн гектар алқапта жүргізу жоспарланған, оның 4,7 млн гектары — дәнді дақыл.

«Биыл егіннің өсуі жаман емес, тек пісіп-жетіліп үлгермей жатыр. Жауын-шашын жаппай науқанға кірісуге сәл кедергі болып отыр. Дегенмен, шаруашылықтар егінге шалғы сала бастады. Науқанның алғашқы күндері 41 мың гектар алқаптың астығы жиналды. Мұндағы гектар берекесі орташа 11,2 центнерден айналуда. Ал Атбасар ауданының „Шуйское“ жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бұл көрсеткіш — гектарына 25 центнер», — дейді Еркеш Әленов.
Облыста науқанға 9 мыңға жуық комбайн (жартысынан астамы қазіргі заманғы өнімділігі жоғары комбайндар), 2,6 мың шалғы, 5 мың автокөлік жұмылдырылады.
Ал астықты жалпы сыйымдылығы 4,3 млн тонна болатын 65 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны қабылдайды.
Бұған қоса, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің меншігінде 2,8 млн тонналық астық қоймасы бар.
Сонымен бірге, өңірде ауыл шаруашылығы құрылымдарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді.
«Егін жинау жұмысын жүргізуге 83,4 мың тонна дизель отынының кепілдендірілген көлемі бөлінді. Арзандатылған жанар-жағармай бағасы 250 теңгеден. Қазіргі уақытта 51 мың тоннаны жеткізу операторларымен келісімшарт жасалды. Шаруашылықтарға бүгінгі күні 10 мың тонна жанармай жеткізілді», — деп толықтырды Еркеш Әленов.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысының егіншілері күзгі астық жинау науқанына кіріскенін жазған едік.