Ақмола облысындағы құс фабрикасы жылына 200 млн жұмыртқа өндіруді жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM- Ақмола облысындағы «Ақкөл Құс» құс фабрикасының жылдық өндірістік қуатын 90 млн-нан 200 млн данаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Жоба аясында жұмыртқалайтын тауықтарға арналған төрт заманауи корпус салынып, өндірістік инфрақұрылым жаңғыртылады.

жұмыртқа
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің кәсіпорын жұмысымен танысуы барысында мәлім болды.

Жобаға сәйкес, жалпы сыйымдылығы 324 мың басқа арналған төрт корпус салу көзделген. Бұл жылына қосымша 110 млн данаға дейін жұмыртқа өндіруге және кәсіпорынның жалпы өндірістік қуатын 200 млн данаға жеткізуге мүмкіндік береді.

жұмыртқа
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Сонымен қатар жас құстарды өсіруге арналған ғимараттар салу, сағатына 30 мың жұмыртқаға дейін сұрыптайтын желісі бар қойма тұрғызу және жем цехының қуатын кеңейту жоспарланған. Инфрақұрылымды жаңарту өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыруға, құс санының өсуіне байланысты қажеттіліктерді қамтамасыз етуге және өнімнің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған.

Қазіргі уақытта жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылғы қарашада бастау көзделген. Қытай мен Еуропадан жабдықтарды жеткізу және монтаждау жұмыстары келесі жылға белгіленген. Жобаның бірінші кезеңін 2027 жылғы сәуірде аяқтау, ал толық өндірістік қуатқа 2028 жылдың ортасында шығу жоспарланған.

2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ақкөл Құс» фабрикасы негізінен тағамдық тауық жұмыртқасын өндіруге маманданған. Қазір кәсіпорында жұмыртқалайтын тауықтарға арналған алты корпус, жас құстарды өсіруге арналған екі корпус, жеке жем цехы және жұмыртқаны сұрыптау жабдықтарымен қамтамасыз етілген қойма бар. Құс саны 300 мың бастан асады. Жыл басынан бері 48 млн дана жұмыртқа өндірілген.

инкубатор
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Кәсіпорын өнімдері Ақмола және Түркістан облыстарына, Астана мен Көкшетау қалаларына, сондай-ақ Қырғызстанға жеткізіледі. Соңғы екі жылда фабрикада құстарды ұстау және өсіру жабдықтары жаңартылды.

Кәсіпорынның өндірістік қуатын кеңейту отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Қолданыстағы құс фабрикаларын жаңғырту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 2028 жылға қарай Ақмола облысында тағамдық жұмыртқа өндірісін жылына 1 млрд данаға дейін жеткізу межеленіп отыр.

Бүгінде өңір Қазақстанның тағамдық жұмыртқаға деген қажеттілігінің 15%-ын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ елдегі құс етінің жалпы өндірісінің 30%-ы Ақмола облысының үлесіне тиесілі.

Осыған дейін елдегі құс шаруашылығы бойынша импортқа тәуелділіктің себебі туралы жаздық.