Ақмола облысындағы шахтаны заңсыз қазған екі адам қаза тапты
АСТАНА.KAZINFORM — Бестөбе кенішінде екі ер адам үйінді астында қалып қойды.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Бестөбе кеніші опырылып, екі ер адам қаза тапты. Марқұмдардың бірі — 38 жаста, ал екіншісі — 21 жаста болған.
— Полиция қызметкерлері, тергеу тобы және құтқару қызметтері оқиға орнына дереу жіберілді. Шұғыл құтқару жұмыстарынан кейін марқұмдардың денелері табылып, жер бетіне шығарылды, — деп хабарлады ведомство.
Степногор полиция бөлімі бұл оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 269-1-бабының 3-бөлігі (қорғалатын нысанға заңсыз кіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды және оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Бейресми дереккөздерге сүйенсек, марқұмдар компания қызметкерлері емес.
Бұған дейін ШҚО-дағы Артемьев шахтасында механик 9 метрден құлап, көз жұмды.