Ақмола облысындағы тойда жеті адам уланды
АСТАНА.KAZINFORM — Ақмола облысының Ерейментау ауданында жаппай улану оқиғасы тіркелді.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаппай улану оқиғасы аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне бірдей ауырсыну белгілерімен жеті адам түскеннен кейін хабарланған. Алдын ала тергеу барысында олардың денсаулығының нашарлауына тамақтан улану себеп болуы мүмкін екені анықталды.
— Ерейментау учаскелік полиция инспекторы оқиға туралы дереу тиісті органдарға хабарлады. Тергеу барысында зардап шеккендердің барлығы бірдей шараға қатысқаны анықталды, — деп хабарлады департаменттегілер.
«Санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары улану көзі мен ықтимал кінәлілерді анықтап жатыр.
Полицейлердің мәліметінше, жыл басынан бері Ерейментау ауданында санитарлық тәртіп бұзушылыққа қатысты осындай екі оқиға тіркелген.
— Бұл көрсеткіш аз болып көрінгенімен, мұндай оқиғалардың салдары адам өмірі мен денсаулығына аса қауіпті болуы мүмкін, — деп баса айтты құқық қорғау органдары.
Ерейментау аудандық ауруханасының мәліметінше, зардап шеккендердің барлығы қазір үйлеріне шығарылған. Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті олардың ведомствосы да улану фактісі бойынша тексеру жүргізіп жатқанын, оның нәтижесі кейінірек хабарланатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында 47 адам сушиден уланып, дәмхана жұмысы тоқтатылғанын хабарлаған едік.