Ақмола облысындағы ЖЭО-да слесарь 68 метр биіктіктен құлап кетті
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Степногорск жылу электр орталығында сорғыны бөлшектеу кезінде 29 жастағы слесарь 68 метр биіктіктен құлап кетті.
Кәсіпорын баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 ақпанда «Степногорск ЖЭО» ЖШС-нің турбина цехында өндірістік міндеттерін орындау барысында өндірістік-техникалық бөлім слесарі баспалдақтан құлаған. Зардап шеккен қызметкер жедел жәрдем бригадасымен Степногорск қаласының көпбейінді орталық ауруханасына жеткізілген. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы оқиғаның мән-жайын нақтылады.
– Жөндеу слесарі № 4 айналым сорғысын демонтаждау кезінде тепе-теңдігін сақтай алмай, монтаждық ойық арқылы төмен құлаған. Жарақаттың ауырлығы анықталуда. Оқиғаның барлық мән-жайы зерделеніп жатыр. Аталған факті бойынша Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы арнайы тергеп-тексеру жүргізеді, – деп түсіндірді ведомство.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлауынша, 1996 жылы туған науқас 11 ақпанда сағат 15:45-те бас айналу, бас ауруы, жалпы әлсіздік және есінен тану шағымымен түскен. Ер адам 68 метр биіктіктен құлаған.
– Өкпеге компьютерлік томография жасалды, сол жақтағы 5-8 қабырғалардың сынуы, пневмоторакс анықталды. Пункция жасалып, Бюлау әдісі бойынша дренаж қойылды, ауа шығарылды. Жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты, – деп хабарлады дәрігерлер.
Степногорск қаласының полиция қызметкерлері де оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша қажетті шараларды жүргізіп жатыр.
Еске салайық, 2025 жылғы қазанда Жезқазғанда коммуналдық желілерді жөндеу кезінде жұмысшы қаза тапқаны хабарланған болатын.