Ақмола облысының көктемгі су тасқынына дайындығы қандай?
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында көктемгі су тасқыны қауіп-қатерінің алдын алу бойынша дайындық шаралары басталып кетті. Облыстық бюджеттен Төтенше жағдайлар департаментіне көлікке, ғарыштық мониторингке, жарылыс жұмыстарына 69,8 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.
Аумақтық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақмола облысы әкімінің «Көктемгі кезеңдегі су тасқынына қарсы шаралар туралы» қаулысына, сондай-ақ, облыс аумағында көктем мезгілінде су тасқынына дайындық және ағын суды аптасыз өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіледі
«Жалпы, облыстық бюджеттен 2024 жылға ықтимал төтенше жағдайларды алдын алуға және жоюға, жергілікті атқарушы органдардың шұғыл шығындарына, сондай-ақ, табиғи және техногендік апаттарды жою үшін қажетті барлығы 2 млрд 239 млн теңге қаржы резерві бекітілді. Ал облыстық бюджеттен төтенше жағдайлар департаментіне көлікке, ғарыштық мониторингке, жарылыс жұмыстарына 69,8 млн теңгеден астам қаражат бөлінді», - деді ведомствоның баспасөз қызметінен.
Айтуынша, бүгінгі күнге дейін облыс бойынша төтенше жағдайдың алдын алу үшін 236,4 тонна жанар-жағармай, 21,8 мың тонна инертті материалдар, 81,7 мың қап қоры жасалды. Су тасқыны қаупінің алдын алуға 398 адам, 73 бірлік техника, 82 мотопомпа, 10 жүзу құралдары жұмылдырылмақшы. Бұған қоса, барлық меншік нысанында 2032 адам және 1005 техника қарастырылған.
«Ал «Қазгидромет» республикалық кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, облыс аумағында жағдайға мониторинг жасайтын және болжайтын 15 метеопост, 34 гидропост және 15 агрометеопост бар. Қар суы еріген кезде өзендердегі жағдайға мониторинг жасау үшін 82 уақытша бақылау бекеттері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Бүгінгі таңда өзінде су басу қауіпі бар аудандардан 486,5 мың текше қар шығарылды. Сонымен бірге, наурыз айында 10 ауданда өзен суларының бетінде жалпы 20 750 шаршы метр аумақта мұзды қопсыту және жару жұмыстары қолға алынбақ. Осы бағытта «KDM HOLDING» және «БВР – техносервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен мұз бару жұмыстарын жүргізу үшін келісімшарт жасау мәселесі қарастырылып жатыр», - деп толықтырды ведомстводан.
Еске салайық, бұдан бұрын Үкіметте су тасқынына дайындық мәселесі қаралған болатын.