Ақмола облысының оқушылары есірткіге қарсы мультфильм әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысындағы № 11 мектеп-гимназиясының оқушылары есірткіге қарсы күрес тақырыбында «Виртуалды таңдау — шынайы өмір» мультфильмін жасап шықты. 

Ақмола облысының оқушылары есірткіге қарсы мультфильм әзірледі
Фото: видеодан алынған скрин

Көкшетаудағы № 11 мектеп-гимназиясының шығармашылық тобы «Виртуалды таңдау — шынайы өмір» жобасын 8B әскери-спорттық сынып оқушысы Еркебұлан Мирлан Зухрабұлының қатысуымен жүзеге асырған. Жоба жетекшілері — информатика пәні мұғалімі Әсемгүл Сүндетова, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Айнұр Амангелдинова, тарих пәні мұғалімі Нұржан Ешімбай, жалпы жетекші Сағынтай Мәженов.

Білім беру ұйымының шығармашылық тобы екі жыл бойы жасөспірімдер арасында зиянды әдеттердің алдын алу тәсілдерін зерттеп, мультфильм мен VR-квест ойынын құрастырыпты.

— Біз ЖИ-ді әлеуметтік мәселелерде қалай қолдануға болатынын ойластырдық. Сөйтіп «Таңдау сенде» квесті мен нашақорлыққа қарсы шағын мультфильм жасадық. Қазір топта 12 адам жұмыс істейді, - дейді жоба жетекшілерінің бірі.

Ақмола облысының оқушылары есірткіге қарсы мультфильм әзірледі
Фото: видеодан алынған скрин

Бұл мультфильм мен квестің негізгі өзегі — жасөспірімдердің саналы таңдау жасауына ықпал ету. Екі кейіпкер Сая мен Айбек арқылы оқушы қауым өмірдегі түрлі жолдардың салдарын сезіне алады.

— Квест ойынында әр адам өз таңдауын жасайды, ал біз VR арқылы оның салдарын көрсетеміз. Айбектің басынан өтетін оқиға нашақорлыққа әкелетін қауіптерді анық көрсетеді, - дейді авторлар.

Жоба командасы болашақта мультфильмнің жаңа бөлімдерін жасап, квест ойынын App Store-ға жүктеуді жоспарлап отыр. Өздерінің айтуынша, виртуалды формат жасөспірімдерге ең қызықты әрі әсерлі профилактика құралына айналған.

Айта кетейік, биыл жұмыссыздар VR-технологиялары негізінде оқытылатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар