Ақмола облысының тұрақтандыру қорында 9,8 мың тонна азық-түлік бар

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысындағы тұрақтандыру қорының қоймаларында азық-түлік өнімдерінің тауарлық қалдықтары бүгін  9 822,1 тоннаны құрайды.

 «Kokshe» ӘКК» АҚ
Фото: «Kokshe» ӘКК» АҚ

Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтындыруды «Kokshe» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жүзеге асырады.

«Kokshe» ӘКК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бастап өңірлік тұрақтандыру қорына жалпы сомасы 345,7 млн теңгеге 1 988,1 тонна көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 6 түрі сатып алынды. Бүгінгі күні оның 1 144 тоннасы 401 млн теңгеге сатылды.

бау-бақша өнімдері
Фото: «Kokshe» ӘКК» АҚ

«Облыстағы тұрақтандыру қорының қоймаларында азық-түлік өнімдерінің тауарлық қалдықтары бүгін 404,5 тоннаны құрайды. Бұған қоса, 2024-2025 жылдардағы маусымаралық кезеңде 5 314,9 тонна көлемінде көкөніс өнімдерінің қоры қалыптастырылды, бұл өңірдің қыс-көктем кезеңіндегі қажеттілігін 100 пайызға жабады», - деді ведомстводан.

Сонымен бірге, осы жылғы тамыз айының соңында Түркістан қаласында өткен көшпелі кеңес аясында Ақмола облысына 2025 жылдың көктемгі-жазғы маусымаралық кезеңінде ерте көкөніс өнімдерін жеткізу бойынша шарттар жасалды. Яғни, «Kokshe» ӘКК» АҚ мен жетекші ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында Ақмола облысына 90 тонна ерте көкөніс өнімдерін жеткізу туралы жасалған шарттар аясында, Түркістан облысының «Ерболат» ШҚ 20 тонна сәбіз және 20 тонна пияз, «Ақ-Орда Б» ЖШС 30 тонна картоп пен 20 тонна қырыққабат жеткізуге келісті.

қырыққабат
Фото: «Kokshe» ӘКК» АҚ

Бұған қоса, форвардтық шарттар және өнім берушіде сақталатын шарттар шеңберінде келісімшартқа отырған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлемі 3 124,9 тоннаны құрайды.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден форвардтық сатып алу алдын ала төлем шарттарымен жүзеге асырылады, ал өнімді жеткізу маусымаралық кезеңде белгіленген, нақтырақ айтсақ, төмендетілген бағамен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, «айналым схемасы» тетігі шеңберінде Қарыз шарттарын жасасу бойынша жұмыс жүргізілді, қарыздарға 1884,5 млн теңге бағытталды. Ет, сүт, ұн өнімдері, күнбағыс майлары және жұмыртқа тәрізді өнімдерді өңірлік тұрақтандыру қорына жеткізуді қамтамасыз ететін жеткізушілермен шарттар жасалды», - деп қосты ведомстводан.

бау-бақша өнімдері
Фото: «Kokshe» ӘКК» АҚ

Айта кетсек, өңірлік тұрақтандыру қорындағы тауарлардың арасында рожки 1 кг-286, тазаланған күріш 1 кг -350/430, ас тұзы 1 кг -57, қант 1 кг -430, 1 сортты ұн 1 кг- 430 және күнбағыс майы 1 кг-600 теңгеден сатылып жатыр.

Сондай-ақ, тұрақтандыру қорынан алынған өнімдер «Kokshe» ӘКК» АҚ-мен, оның ішінде Ақмола облысының аудандарында серіктестік келісім жасасқан дүкендерде сатылады.

Еске салайық, бұдан бұрын Ақмола облысының диқандары мол астықтан үмітті екенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар