Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ғимаратының сыры көп

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Биыл Көкшетау қаласының іргесі қаланғанына 200 жыл болды. Бүгінгі таңда облыс орталығынан замануи әсем ғимараттарды ғана емес, сол күйінде сақталған көне сәулет ескерткіштерін де кездестіруге болады. Соның бірі – 20-шы ғасырдың басында салынған Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы орналасқан тарихи ғимарат.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы
Фото: Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы

Ақмола облысы мәдениет басқармасының жанындағы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бас инспекторы Гүлім Рахымжанованың мәліметінше, бұл ғимараттың сыры көп, бастапқыда шарап зауыты, кейін балалар ауруханасы, тек 1974 жылдан бастап мұражай орналасқан. 

«Бұл ғимарат қызыл кірпіштен тұрғызылған. Екі қабатты, жертөлесі бар, яғни, ХХ ғасырдың басындағы өнеркәсіптік архитектураның классикалық үлгісі, 1908-1909 жылдары мұнда шарап қоятын қойма болды. Ол кезде барлық өндірістік нысан қаланың шетінде орналасты, ал қазір Көкшетаудың орталығы болып саналады», – деп бөлісті Гүлім Рахымжанова. 

Айтуынша, 19 ғасырдың аяғында Ресей империясының Қаржы министрі граф Виттенің бастамасымен бюджетке кірісті ұлғайту үшін арақ-шарапқа мемлекеттік монополия енгізілді.

Арақ-шарап өнімдерін тек мемлекет өндірді. Ол үшін жеке спирт зауыттарының иелері өз өнімдерін тапсыруы үшін мемлекеттік шарап қоймаларын салу қажет болды. Мұнда алкоголь тазартылып, одан арақ дайындалды. Дайын өнім осы қоймада немесе мемлекеттік және сенімді жеке шарап дүкендерде сатылды. Осы жоба аясында бүкіл ел бойынша осындай 150-ге жуық қойма салынды. 

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы
Фото: Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы

«1904 жылы Көкшетауда 7 қазыналық шарап қоймасы ғимараттарының құрылысы басталды. Оны бірнеше кезең бойынша диірмендердің, спирт зауыттарының, ректификат және темір зауыттарының иесі Геннадий Шмурло жүргізді. Барлық қажетті құжаттарды жинап, зауыттар салу құқығын ала отырып, кәсіпкер Варшавадан «Борман Швейде» зауытында өндірілген бу қазандықтары, алкоголь бағандары, тығындар тәрізді барлық қажетті жабдықтарды жеткізді. Құрылыс және монтаждау жұмыстары үшін «Борман Швейде» зауытынан 60 маман келді. Сонымен қатар, айналадағы ауылдардан 500 – ден астам адам жұмылдырылды», – деп толықтырды маман. 

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін Николай ІІ бастамасымен алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынды. Бірақ мемлекеттік шарап қоймалары жұмысын тоқтатқан жоқ. Алкоголь мейрамханаларда сатылды, дәріханаларға жеткізілді, сонымен қатар ғылым мен өндірістерде қажет болды. 

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы
Фото: Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы

«1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қалада округтік атқару комитеті ұйымдастырылды, жаңа билік 1918 жылы арақ-шарап зауытының ғимаратына орналастырылған жұмысшылар мен сарбаздар депутаттарының кеңесін құрды. Азамат соғысы жылдарында жертөлелерде кір жуатын орын, кір жуу, дезинфекциялау, сондай-ақ жараланған қызыл әскерилерге арналған санблок ұйымдастырылды. 1921 жылы дәл осы жертөлелерде азық-түлік орналастыруға қарсы шыққан бүлікші уездік шаруалар ұсталды. 1930 жылдары бұрынғы арақ-шарап корпустарында зауыт қайтадан орналасты, бірақ бұл жолы спирт-арақ зауыты ретінде», – деді Гүлім Рахымжанова. 

1941 жылдың күзінде Подольск тігін тұрмыстық машиналары зауыты Көкшетау қаласына көшірілді. Ол жергілікті Көкшетау шойын-құю машинасымен біріктірілді. Оған 621 нөмірі берілді. Бұл әскери құпия зауыт болды, онда миналар мен гранталардың түр түрі, автоматтың оқ-дәрісі шығарылды. Барлығы майданға жөнелтілді. Подольскіден көптеген станоктар жеткізілді, олар қаланың бірнеше ғимараттарына орналастырылды, соның бірі бұрынғы шарап зауытының ғимараты болды. 

«1960 жылы ғимаратта балалар ауруханасы, бірнеше жылдан кейін – халық депутаттары қалалық кеңесінің атқару комитеті, содан кейін – партиялық мұрағат, қалалық статистика басқармасы орналасты. 1974 жылдан бастап ғимаратта Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жұмыс істейді», – деп түйіндеді маман. 

Бүгінгі таңда көне ғимарат жергілікті маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші болып табылады және мемлекеттің қорғауына алынған. 

Айта кетсек, бұдан бұрын «Көкшетау қаласының тарихы» мұражайы ғимаратының тарихы туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар