Ақмола облыстық филармониясы 70-ші өнер маусымын ашты

Аталған шара ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейлі мерекесі аясында «Гәккулеткен, аққу жеткен» - Көкшетау» атты өңіраралық фестивалімен басталды. Шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, аймақ басшысы Сергей Кулагиннің атынан фестивальге қатысушыларға ықылас гүлін тарту етті.
Абылайдың «Шаңды жорық» күйімен ашылған фестивальде жергілікті композиторлар Кәрім Ілиясов, Иран Тасқара, Маман Ементаев, Тыныштық Шаменов, Баянғали Әлімжанов, Құрмет Сақай, Ерболат Баяттың әндері орындалды. Әсіресе, Иран салдың орындауындағы арнау жыр да көптің көңілінен шығып, халық ықыласына бөленді.
Өнер кешінде облыстық филармонияның Әбілсерік Қамашев бастаған Қайырбек Кәрібаев, Саят Бабаев, Құрмет Сейіт сияқты даулескер күйшілер өз өнерлерін ортаға салды.
Шараға қатысушылар халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Шығыс Қазақстан облысынан келген әнші Қайрат Қабышев пен қарағандылық әнші халықаралық байқаулардың лауреаты Ержан Базарбеков сияқты еліміздің әр облысынан келген күміс көмей әншілердің орындауындағы әндер құлақтың құрышын қандырса, Ақан серінің «Майда қоныр» әні Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Саринаның орындауындағы Ақан серінің «Әу жары» өте әсерлі шықты.