Ақмола облыстық мәслихат хатшысы Нина Дьячек лауазымынан босатылды
Облыс әкімінің міндетін атқарушы Қ.Отаров облыс әкімінің атынан Нина Сергеевнаға жемісті еңбегі үшін алғысын білдіріп, оған одан әрі табыстар тіледі.
Облыстық мәслихат депутаттары С.Елубаев, И.Жанғоразов, Степногор қалалық маслихатының хатшысы Г.Көпеева барлық депутаттық корпус атынан облыстық мәслихаттың экс-хатшысына бірлесіп жұмыс істегені және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Еске сала кетейік, Нина Дьячек 2012 жылғы қаңтарда Ақмола облысының өкілетті биліктің бірінші тұлғасы болып сайланды, сайланғанға дейін ол Халық банкінің Атбасар аудандық филиалының басқарушысы лауазымын атқарды.
Ақмола облыстық мәслихатын басқара отырып, ол өкілетті органның жұмысын ұйымдастыра білді. Әр мәселені егжей-тегжейлі анықтай отыра, проблемалардың анық-қанығына жетіп, оларды шешуде ұжыммен бір пікірге келуге тиісінше көңіл аудара білді.
Атап кету керек, Нина Дьячек Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып қала береді.