15:46, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақмола облыстық сотында өткен жыл жұмысы қорытындыланды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық сотының аудандық, қалалық және оған теңестірілген соттарының төрағалары және судьяларының қатысуымен өткен басқосуда 2008 жылдың қорытындысы бойынша сот төрелігін іске асыру жай-күйі мен облыс соттарында сот жүйесін жетілдіруге бағытталған міндеттері, мемлекеттік тілді дамыту мен іске асыру,
сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын қолдану мәселелері қарастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Алқалы жиында өткен жыл қорытындысына сәйкес азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша сот төрелігін іске асыру, судьялардың облыстық тәртіптік-біліктілік алқасының, судья этикасы жөніндегі комиссияның, Соттар Әкімшісінің қызметтері сараланды. Елбасының сот жүйесі алдында қойылған мақсаттарының ішінде жемқорлықпен күресудің ерекше маңыздылығы атап көрсетілді. Жыл ішінде 54628 азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер мен материалдар аяқталған. Сондай-ақ өндіріске енгізілген 20189 азаматтық істің 15045-і бойынша шешім шығарылып отыр. Аппеляциялық және қадағалау тәртібімен 123 шешімнің күші жойылып, 204-інің шешімі өзгертілді. Осы уақытта шешімдер күшінің жойылуы 0,03 пайыз, өзгертілуі 0,5 пайызды құрады. Сонымен қатар өткен мерзімде 13870 әкімшілік құқық бұзушылықтары бойынша 13983 тұлғаға қатысты іс қаралған. Жол қауіпсіздігі ережесін сақтамауға қатысты 9137 адам, оның ішінде ішкілік ішіп көлік жүргізген 4850 адам жауапкершілікке тартылған. Кеңейтілген мәжіліс барысында облыстық соттың төрағасы Өмірсерік Қожабаев жыл ішіндегі жұмыс қорытындысын сараптай келе, жергілікті жерде орын алған кемшін тұстар, сот жұмысын жақсартуға бағытталған шаралар, судья этикасын сақтау турасында пікірлерін білдірді. Өз кезегінде басқосуға қатысқан ҚР Жоғарғы Соты қадағалау алқасының судьясы Людмила Полторобатько Елбасының тапсырысына орай әр деңгейдегі соттар судьяларына жүктелер міндеттер мен жауапкершілік, әр істің артында адам тағдыры бар екенін ескерте келе, заңдылықты сақтаудың бірқатар тұстарына талдау жасады.