19:40, 27 Желтоқсан 2017 | GMT +5
Ақмола облысында 15 машина жол апатына ұшырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатты жауған қардың салдарынан Ақмола облысының тас жолында 15 машина жол апатына ұшырады, ешкім зардап шеккен жоқ, деп жазады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасап.

«27 желтоқсан күні «Екатеринбург - Алматы» тас жолындағы Аршалы ауданының бойында 15 көлік бөгеліп қалды. Орын алған жол оқиғасынан ешкім зардап шеккен жоқ, машиналар механикалық бүлінуге ұшырады»,-деп жазылған хабарламада.
Оқиға орнына жедел жеткен жол-полиция қызметкерлері және техникалық инспекция мамандары жүргізушілерге қажетті көмек көрсетіп, жолды қардан тазалады.
Қазір Ақмола облысынан Павлодар және Қарағанды бағытына шығатын тас жолдар жабылды.