16:36, 07 Наурыз 2009 | GMT +5
Ақмола облысында 2-ші деңгейлі банктер облыс экономикасына 46,7 миллиард теңге несие бөлді
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысы аумағындағы екінші деңгейлі банктер өткен жылы өңірдің экономикалық дамуына 46,7 миллиард теңге мөлшерінде несие бөлді,
бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда едәуір артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «БТА банкі» Көкшетау филиалының директоры Бақыт Оспановтың айтуынша, әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан өткен жылы құрылым 10 миллиард 300 миллион теңге көлемінде несие қарастырған, өсім 2007 жылмен салыстырғанда 22,1 пайызды құрап отыр. Бұл ретте салымшылардың депозиттері 17,8 пайызға өсіп, 768 миллион 300 мың теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес нысандарына қарастырылған несие 19,43 пайызға артып отыр. Жылдық қуаттылығы 40 миллион дана кірпіш шығаратын «Қонжық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кірпіш зауыты қаржыландырылды. «Жібек жолы» базары жұршылық игілігіне берілген. Жуық маңда «Саяжай» кір жуу-монша кешені іске қосылады. Атбасар қаласында тәуліктік қуаты 60 тонналық диірмен кешені салынуда. Қазіргі кезде әлемдік дағдарысқа қарамастан банк жүйесіне деген салымшылар сенімі арта түсіп отыр.