Ақмола облысында 40-тан астам өзбекстандық жолаушы құтқарылды

Ведомствоның мәліметінше, ақпанның 7-де сағат 00:30-да ауа райының нашарлауына (қатты аяз) және «Көкшетау - Щучинск - Астана» автожолында қозғалыстың тоқтауына байланысты «Петропавл-Сарыағаш» бағытында келе жатқан «Setra» автобусы тоқтатылды. Көлік ішінде Өзбекстан Республикасының 41 азаматы мен екі қазақстандық жүргізуші болған.
«Көкшетау қалалық ТЖБ, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті полиция қызметкерлері аталмыш автобусты жолаушыларымен бірге қаупісіз жерге жеткізді. Олар Көкшетау қаласындағы Саин көшесі, 28/1 мекенжайында орналасқан әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды. Жолаушылардың жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмекке мұқтаж емес. Құтқару жұмыстарына Ақмола облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамынан бір техника және 2 адам тартылды» деп көрсетілген ТЖД баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетсек, 5 ақпанда «Астана-Петропавл» тас жолының 164 шақырымында, яғни, Қаратал және Қоғам ауылы арасында «Сарыағаш-Екатеринбург» бағытындағы автобус жолда қалып, одан Өзбекстан Республикасының 43 азаматы құтқарылған болатын.