11:33, 14 Қазан 2017 | GMT +5
Ақмола облысында 500 мың теңге ақша бопсалаған ауыл тұрғыны ұсталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ірі көлемде ақша бопсалаған ауыл тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Атбасар ауданындағы ауылдардың бірінің 35 жастағы тұрғынын ұстаған.

«Тергеу амалдары барысында күдікті қорқыту арқылы 25 жастағы ер адамнан 500 мың теңге ақша бопсалағаны анықталды.
Полицейлердің жедел қимылының арқасында қылмыстың беті ашылып, күдікті бірден ұсталды», деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 194-бабының 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Егер күдіктінің қылмысы сотта дәлелденсе, онда оған 4 мың АЕК (9 миллион теңге) айыппұл салынуы немесе 4 жыл бас бостандығын шектеу жазасы қолданылуы мүмкін.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері Ақмола облысының полицейлері 37 бопсалау қылмысының бетін ашты.