Ақмола облысында адам толы көлікке оқ жаудырған күдіктілер қамауға алынды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Митсубиси Галант» көлігінде отырған адамдарды өлтірмек болған 31 және 30 жастағы күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша келеңсіз оқиға қарашаның 30-нда Жарқайың ауданының Пригородное ауылында орын алған.
«Кешкі сағат 18:00 шамасында «Митсубиси Галант» көлігіне отырған жергілікті тұрғындарға белгісіз біреулер оқ жаудырған. Осы кезде, үш адам көлік салонында отырған. Бұлардың қасында болған тағы екеу қашып үлгерген. Олардың артынан да оқ атылған. Осының салдарынан 1977 және 1982 жылғы екі адам зардап шегеді. Ал, күдіктілер қашып, оқиға орнынан ізін суытады.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы жетіп, «Митсубиси Галант» көлігін тексеріп, мылтық оғының гильзалары мен іздерін анықтайды. Кейін ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес бойынша басқармасының қызметкерлері күдіктілердің Астана қаласында жасырынып жүргенін анықтайды. Нәтижесінде күдіктілердің бірі Талапкер ауылындағы қараусыз қалған үйлердің бірінде жасырынып жүрген жерінен ұсталса, енді бірі Астана қаласында қолға түседі. Тергеу барысында 31 және 30 жастағы күдіктілер ұсталынып, қылмыстарын мойындады», деп мәлім етті баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі кезде, күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылып, үстінен ҚР ҚК 24-99 бабының 2 бөлімі 1 бөлімшесі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, оқ атқан қарулары да іздестірілуде.