Ақмола облысында «Алтын белгі» иегерлері 100 мың теңгенің сертификатына ие болды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында биыл 246 «Алтын белгі» иегері бар болса, оның 16-сы-IQanat High School of Burabay түлектері, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Көкшетау» мәдениет сарайында «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау шарасы өтті. Шараға қатысқан 230 «Алты белгі» иегерінің арасында халықаралық, республикалық, облыстық зияткерлік, спорттық және шығармашылық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.

Салтанатты шараға аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Мектеп бітіргелі жатқан әр түлек Қазақстан болашағын көркейтуге үлес қосарына сенемін. Сондықтан сіздерге үлкен үміт артып отырмыз. Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда». – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Шара барасында аймақ басшысы салтанатты түрде түлектерге «Алтын белгі» төсбелгісі мен 100 мың теңгенің ақшалай сертификатын табыс етті.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында биыл орта мектепті 4597 түлек аяқтағанын жазған едік. Олардың арасында 246 бала «Алтын белгі» төсбелгісіне, 334 үздік аттестатқа ие болды.

