10:06, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақмола облысында атыс қаруларын қолдануға байланысты қылмыстар ашылмай отыр
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Дулат Тойғанбаев мәлім еткендей, ағымдағы жыл басынан бері өңірде атыс қаруын қолдануға қатысты үш қылмыстық әрекет тіркеліп, олардың бірі де ашылмаған,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Республикалық деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Сәлеметсіз бе, мен сіздің учаскелік инспекторыңызбын!» шарасына сәйкес ішкі істер басқарма бастығының орынбасары БАҚ өкілдерімен жүздесіп, алғашқы он күннің қорытындысын мәлім етті. Осы уақыт аралығында 5218 үй мен 2705 пәтерде болған инспекторлар бірқатар заңсыздықтардың бетін ашқан. Тексеріс кезінде 180 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қолданылды. Сондай-ақ 147 адам есепке алынған. Аймақта 319 учаскелік инспектор болса, аталмыш шараға солармен қатар полиция құрылымдарының басқа да қызметкерлері жұмылдырылды. Өз кезегінде баспасөз өкілдері Көкшетау қаласындағы 8 жасар баланың өлімі, Целиноград ауданында «КамАЗ» жүк көлігінің жүргізушісін ату, облыс орталығындағы «Глобус» сауда орталығында тапанша көрсетіп, зергерлік бұйымдарды тонап кету тәрізді келеңсіз оқиғаларға байланысты өз сауалдарын қойды. Өйткені, осындай қылмыстардың ашылмауы жұртшылықты алаңдатып отыр.