Ақмола облысында аудандық маңызы бар жолдарды су шайып жатыр
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында аудандық маңызы бар автожолдарды автожолды су шайып жатыр. Бұл жайында ҚазАқпарат тілшісіне жергілікті тұрғындар бейнежазба жолдап, жағдайды жеткізді.
Бейнежазбадан Астрахан ауданының Первомай және Новочеркаское ауылдық округтерінің аумағындағы автожолдарды су шайып жатқанын көруге болады.
«Бұл - Астрахан ауданы Первомай ауыл округі маңындағы автокөлік жолы. Жол үстімен ағып өтіп жатқан судың тереңдігі - 10 сантиметр, ені - 60 метр шамасында. Бұл учаске жыл сайын жабылатын еді. Биыл жабылған жоқ. Жолдың жабылуы ағын су мен Есіл өзендегі судың деңгейіне байланысты анықталады. Ауыл тұрғындары Примшимское ауылы арқылы өтетін балама жолмен қатынай алады», - дейді бейнежазба авторы.
Өңірдегі автожолдарды су шайып жатқанын Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметі де растады.
Ведомстводан атап өткендей, қазіргі кезде облыстың бірқатар аудандарында су шайып жатқан автожолдар бар.
Бірақ, ағын су көлік қатынасына кедергі келтіріп жатқан жоқ.
Астрахан ауданынан бөлек, бүгін таңертең Ерейментау ауданының Қызылту ауылына кіреберістегі жолды да су шайып кетті.
Астрахан ауданының әкімі Нұрлан Сейіловтің айтуынша, өңірде ағын суды апатсыз өткізу бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Аудан аумағында су шайып кету қаупі бар 9 елді мекен анықталған.
«Аудан бойынша барлығы 87 мың текше метр қар шығарылып, 460 текше метр су сорылды. Сонымен бірге, су өткізу жүйелері мен жыралар тазартылды. Су тасқыны кезеңі басталғанға дейін автомобиль қатынасы үзілуі мүмкін елді мекендерден ауыр науқастар, жүкті әйелдер қауіпсіз жерге шығарылды. Сондай-ақ, аталған елді мекендерге алдын ала азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілді. Аса қауіпті учаскелердегі елді мекендерді су басу немесе оның қаупінің алдын алу мақсатында өзендер мен гидротехникалық құрылыстардағы су деңгейін бақылау үшін қосымша гидробекеттер ұйымдастырылып отыр», – деп түсіндірді Нұрлан Сейілов.
Айта кетсек, Ақмола құтқарушылары су тасқыны қаупі бар өзен-көлдерді тәулік бойы күзетіп отыр.