Ақмола облысында аусыл ауруына шалдыққан 100 мыңнан астам үй жануарларына вакцина егу қажет - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Ақмола облысында аусыл ауруы фактісінің тіркелуіне орай 100 мыңнан астам үй жануарларына вакцина егу қажет, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.
None
None

«50 шақырым радиусты қамтитын жайсыз аймақтағы ауыл шаруашылығы жануарларының бәрне вакцина егу жоспарлануда. Егу жұмыстарына 39680 ірі қара, 51005 ұсақ мал және 15070 шошқа қамтылады», деп нақтылай түскен баспасөз қызметі.

Жұма күні өткізілген баспасөз мәслихаты барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті басқармасының бастығы Ақын Есболаев, маусымның 17-сі, бейсенбі күні Халықаралық эпизоотологиялық бюроға хабарлама жіберілгендігін және ТМД елдеріндегі әріптестерге ескертілгендігін атап өтті.

Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы маусымның 15-і күні Ақмола облысы Ерейментау ауданы Новодолинка ауылында тексеру жүргізіп, 241 ірі қара мал басынан «О» антиген типті аусыл ауруын тапқан болатын.

А.Есболаевтың айтуына қарағанда, аталған ауылдық округтің халқымен жиналыс өткізіліп, ауру малдарды жоюға тұрғындардың келісімі алынған. Осыған орай 639 ірі қара, 767 ұсақ мал және 487 шошқа алынып, жойылды.

Қазіргі уақытта ауданда ведомствоаралық қызметтер өкілдерінің өзара іс-әрекеттерін үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылды.

Жою және залалсыздандыру жұмыстарына аусылға қарсы 105 900 доза вакцина және 200 литр «Фенолин» зарарсыздандыру дәрі бөлінді. Аурудың тарау себептері мен шығындар анықталу үстінде.

Соңғы жаңалықтар