Ақмола облысында әйелдер арасында дойбыдан халықаралық матч өтіп жатыр (ФОТО)

«Сұңқар» сауықтыру кешенінде ұйымдастырылып отырған матчта әлем чемпионы атағы үшін бұған дейін осы атақты 13 дүркін иеленген латвиялық Зоя Голубева мен бес дүркін әлем чемпионы ресейлік Тамара Тансыккужина бәсекеге түседі.
Кездесудің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов құттықтау сөзінде мұндай жарысты өткізу Ақмола өңірі үшін үлкен мерей екендігін атап көрсетті.
Сондай-ақ, кездесу алдындағы баспасөз мәслихатында алдағы сайыс туралы аталған қос халықаралық гроссмейстер мен жаттықтырушы Юрий Черток, матчқа әділқазылық ететін польшалық төреші Яцек Павлицкий және ҚР дойбы Федерациясының вице-президенті Айрат Нұрғазиев өз ойларын ортаға салды.
Қызықты өтеді деп күтіліп отырған байрақты бәсеке сәуірдің 10-ына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында атақты шаршы тақта шеберлері дойбы спортымен айналысушыларға шеберлік сыныбын да өткізбекші. Тағы бір айта кетерлігі, әлем чемпионы атағы үшін болатын бұл сайысты күн сайын онлайн режімінде кез келген адам тамашалай алады. Яғни, дойбы матчын әлем елдері ғаламтор желісі арқылы көріп, спортшыларға жанкүйер болмақ.