Ақмола облысында азық-түлік бағасының өсу себептері аталды

Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен 3,9 пайызға өскен.
«Өсудің негізгі себептері – өндіріске, жанар - жағармайға, техникаға және оның қосалқы бөлшектеріне, жабдықтар мен жинақтауыштарға, сондай-ақ ветеринариялық препараттарға, премикстерге шығындардың ұлғаюына байланысты болып отыр», - дейді Ербол Оспанов.
Басқарма басшысы атап өткендей, облыста инфляция қарқынын тежеу мақсатында өнім өндіру көлемін ұлғайтуды, сыртқы сауданы реттеуді, монополияға қарсы ден қоюды көздейтін 2023-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда.
«Соңғы жылдары бағаны тұрақтандыру үшін облыстық бюджеттен 4,3 миллиард теңге, оның ішінде «айналым схемасына» 3,6 миллиард теңге бөлінді. «Айналым схемасы» шеңберінде тікелей тауар өндірушілерге тауарлардың 10 түрі бойынша – жұмыртқа, қант, картоп, 1-ші сұрыпты ұн, күнбағыс майы, тауық еті, сүт, айран, сүзбе, сары май бойынша 2,5 миллиард теңгеге займ берілді. Жалпы, облыста баға мен инфляцияның өсуін тежеу бойынша жұмысты жалғастыра береміз», – деп толықтырды Ербол Оспанов.
Айта кетсек, бұдан бұрын ақмолалық диқандар егін орағына кіріскенін жазған едік.