Ақмола облысында бір тәуліктің ішінде полицейлер 19 пәтер ұрлығын ашты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бір тәуліктің ішінде 19 пәтер ұрлығының беті ашылды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

 Ақмола облысында бір тәуліктің ішінде полицейлер 19 пәтер ұрлығын ашты

Полицейлердің мәліметі бойынша облыс аумағында «Пәтер» жедел-алдын алу шарасы жүргізілуде. Облыстық ІІД ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараның мақсаты пәтер ұрлығын ашып, алдын алу болып табылады.

«Пәтер» жедел-алдын алу шарасының алғашқы күні 19 пәтер ұрлығының беті ашылды. Пәтер тонаушылар негізінен терезе, есікті немесе құлыпты бұзып кіреді. Жыл басынан бері облыста 900 астам пәтер тонау оқиғасы  тіркелген», деп көрсетілген хабарламада.

Мәселен,  Жақсы ауданында қаскөйлер жергілікті тұрғынның жекеменшік үйіне түсіп, ақшалай қаржат пен азық-түлікті жымқырып кеткен. Осылайша, үй иесіне 55 мың теңге көлемінде шығын келтірілген. Жедел іздестіру шарасы барысында «Альфа» есімді иісшілдің көмегімен 36 жастағы жергілікті тұрғын қолға түсті.

Сонымен қатар, аталған шара аясында полицейлер тұрғындарға  пәтерлерін орталықтандырылған бейне бақылау пультіне қосу,  бейне бақылау жүйесі және қауіпсіздіктің қазіргі заманғы техникалық құрал жабдықтарын орнату ережесін түсіндіруде.

Қазіргі уақытта өңірде 638 пәтер мен жекеменшік үй иесі осындай қауіпсіздік шараларын қолға алып отыр. «Пәтер» жедел-алдын алу шарасы 27-ші шілдеге дейін жалғасатын болады.