Ақмола облысында «БЖК-2020» бағдарламасы қолға алынғалы бері барлығы 265 жоба мақұлданған

Онда аталған бағдарламаның «Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау» бағыты бойынша 240 жоба мақұлданса, «Экспортты-бағдарлы өндірістерді қолдау» бағыты бойынша 25 кәсіпкер-экспортерлерге қолдау көрсетілгені айтылған. Соның ішінде, «Кепілдеме» бағыты бойынша құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын 47 жоба жүзеге асырылған.
Сондай-ақ, облыста қаржылық емес бағыттағы бастаушы, әрекет етуші және әлеуетті кәсіпкерлерді қолдау бағытында да біршама жұмыстар іске асқан. «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша 2009-2014 жылдары 5 453 бастаушы, «Бизнес-Кеңесші-2» бағдарламасы бойынша 242 әрекет етуші кәсіпкерлер білім алған.
«Жас кәсіпкерлер мектебінде» өткен жылы 60 студент білім алса, оның екеуі өз ісін дамытуға мемлекеттен өтеусіз грант алу құқына ие болды Бүгінгі күні жуық арада білімдерін жетілдіргісі келетін тағы 50 кәсіпкерден өтініш келіп түсті.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына 2014 және 2015 жылдың 1-тоқсанында 3 551 клиент жүгінген, оларға кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары бойынша, заңгерлік, маркетингтік, бухгалтерлік есеп бойынша 6 742 кеңес берілген.
Бүгінгі күні өңірлік филиал кәсіпкерлерді қолдаудың «БЖК-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде.