Ақмола облысында диірменнен 20 тонна жасымық ұрлағандар ұсталды

Полицейлердің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 13 ақпанында Бурабай аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне 53 жастағы Щучье қаласының тұрғыны арызданған. Арызданушының сөзіне қарағанда, белгісіз үш адам оның диірмені аумағына баса көктеп кіріп, 55 жастағы күзетшіге күш қолдану арқылы 20 тонна жасымықты жүк көлігіне тиеп алып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 1 500 000 теңгені құрады.
Жедел іздестіру шарасы барысында облыстық ІІД криминалдық полиция басқармасы мен Бурабай аудандық ІІБ қызметкерлері күдіктілер, яғни, Щучье қаласының үш тұрғынын ұстады.
Оқиға былай өрбіген: ағымдағы жылдың 13 ақпанында таңғы сағат төрт кезінде беттеріне медициналық маска киген белгісіз үш адам диірмен аумағына баса көктеп кіреді. Диірмен күзетшісінің қолын байлап, 20 тонна жасымықты жүк көлігіне тиеп алып кетеді.
Тергеу амалдары барысында анықталғандай күдіктілер бұл қылмысқа алдын ала дайындалған болып шықты. Алдымен бір апта бұрын «КамАЗ» автокөлігін жалдайды. Оған қоса, Щучье қаласындағы колледждердің бірінің студенттеріне ұрланған қаптағы жасымықты көлікке тиеуге келіседі. Ол үшін әрбір студентке 5 мың теңгеден береміз деп сендіреді.
Алайда, күдіктілер алысқа бармайды. Ұрланған жасымықты элеваторға тапсыру кезінде бірден қолға түседі. Қазіргі кезде, күдіктілер ұсталып, үстерінен ҚР ҚК 191 бабының 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.