Ақмола облысында гепатитпен сырқаттанушылық 6 есеге артқаны байқалады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында гепатитпен сырқаттанушылық мониторингіне сәйкес биылғы жарты жылда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жіті вирустық гепатиттермен сырқаттанушылық 6 есе артып отыр. Бұл туралы 28 шілде - Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні Ақмола облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірде гепатитпен сырқаттанушылық мониторингіне сәйкес 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жіті вирустық гепатиттермен сырқаттанушылық 6 есе, оның ішінде А гепатиті вирусымен 4 есе, созылмалы В гепатиті вирусымен (дельта) 8 есе өскені байқалады. Анықталған аурулардың ең көп саны Көкшетау қаласында (26 жағдай), Аршалы (11), Атбасар (5), Шортанды (4), Бурабай (3), Ерейментау (3), Сандықтау (3) аудандарында тіркелген. Негізінен ауру ересектер арасында көп. Ересектер арасында инфекция көздері мен берілу жолдары 65-тен 17 жағдайда анықталды, операциялар – 6 жағдай, қан құю – 1, емханалық араласу – 5, жыныстық жол – 2, есірткі – 2, әдет-ғұрып - 1. Байланыста болған 60 адамның арасында инфекция жұқтырғаны анықталған жоқ», - деді Ақмола облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қзыметінен.

В және С гепатитінің вирустары тіпті аз мөлшерде жұқтырған қан арқылы берілетінін білу керек. Вирустың енуі үшін жара, сызаттар, инъекция немесе кесу жеткілікті. Инфекция пирсинг, татуировка, маникюр, педикюр, құлақты дұрыс емес немесе дұрыс өңделмеген құралдармен тесу кезінде пайда болуы мүмкін екенін білу керек.

«Осы ретте, бауырдың қабынуы (гепатит) бауыр ұлпасына зиян келтіретін әртүрлі факторлардан туындауы мүмкін екенін еске салғымыз келеді. Жұқпалы гепатит - ластанған тамақ, су, тұрмыстық заттар арқылы А және Е гепатиті вирустарының ағзаға енуіне байланысты бауыр жасушаларының зақымдануы. В, С, D, F, G гепатитінің вирустары жұқтырған қанмен байланыста болған кезде беріледі», - деп толықтырды ведомстводан.

Департамент мамандары гепатит вирусын жұқтыруға күдік болған кезде дәрігерге дереу қаралу қажеттігін еске салады.

«Өзін-өзі емдеуге болмайды, созылмалы гепатитті емдеуді тек дәрігер жүргізуі тиіс. Ауруды емдеу қиын, ұзақ және қымбат болатын кезеңге дейін созбай, уақтылы емделу керек. Диагностика мен емдеудің заманауи деңгейі вирустық гепатиттерді анықтауға және онымен күресуге мүмкіндік береді. Парентеральді гепатиттерді уақтылы анықтау және оларды тиімді емдеу –сауығудың және асқынулардың дамуы болмауының кепілі», - деп түйіндеді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жыл басынан бері 21 адам сальмонеллез инфекциясын жұқтырғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар