Ақмола облысында іздеуде жүрген бозбала Астанадан табылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының полицейлері іздеу жариялаған 17 жастағы бозбала Астанадан табылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ІІД-ге сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, Владимир Вячеславович Герасимов ағымдағы жылдың 27 қарашасында үйінен шығып, қайтып оралмаған болатын. Осыған байланысты 29 қараша күні баланың анасы тарапынан Ақкөл аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне 17 жастағы ұлының жоғалғаны туралы арыз түсті. Анасының айтуынша, баласы 27 қарашада үйінен шығып, қайтып оралмаған.
«Полицейлер Владимирдің туыстары мен таныстарын анықтап, сұрастырды.
Сонымен қатар оның осыған дейін талай мәрте үйінен кетіп қалғаны белгілі болды.
Іздестіру шараларына Ақкөл аудандық ІІБ жеке құрамы жəне криминалды полиция қызметкерлерінен құралған арнайы іздеу тобы жұмылдырылды.
Нәтижесінде жоғалған жасөсіпірім Астанадан табылды. Сондағы құрылыс компаниясына жұмысшы болып орналасқан. Қазіргі кезде ол аман-есен үйіне қайтарылды», деп көрсетілген хабарламада.
Еске сала кетейік, Ақмола облысында жыл басынан бері үйінен кетіп қалған 16-17 жас аралығындағы 14 жасөсіпірім отбасына қайтарылған.