Ақмола облысында қоқыс тастайтын 130 полигонның 28-і ғана жұмыс істейді
Ведомствоның мәліметі бойынша, Ақмола облысының кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кеңес отырысында экология мәселесі қаралды.
Биылғы жылы Ақмола облысының прокуратурасы жүргізген тексерістің нәтижесінде әртүрлі органдар мен ұйымдарға заңбұзушылықты жою туралы 32 ұсыныс жолданды, 31 тұлға әкімшілік және 12 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Мұнымен проблема толық шешілген жоқ. Ресми тіркелген полигондар жетіспейді. Облыс бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын 130 палигонның 28-і ғана жұмыс істейді. Ал, Ақкөл, Аршалы, Зеренді, Қорғалжын және Бурабай аудандарында мұндай полигон мүлдем жоқ. Есесіне заңмен тыйым салған жасанды қоқыс тастайтын орындар көп. Сол себепті жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл мәселе шешілмегендіктен, коммуналдық кәсіпорындар жасанды полигондарға амалсыздан қоқыс төгуге мәжбүр», - деп түсіндірді ведомстводан.
Дегенмен, өңірлік кəсіпкерлер палатасының мәліметінше, бұл «қоқыс» жұмысын ретке келтіруге ниетті кəсіпкерлер де бар көрінеді.
Мəселен, «Балкашинский Коммунальщик» ЖШС-нің басшысы Ксения Вострикова 2015 жылы Сандықтау ауданының профильді қызметімен Балкашин ауылында қатты тұрмыстық қалдықтарды жою үшін полигонды ұстау жəне қызмет көрсету туралы келісімшартқа тұрды. Осыған сәйкес кəсіпорын рұқсат беретін құжаттарды алды. Кейін құзыретті орган бұдан бірқатар заң бұзушылықтарды анықтап, келісімшарттың күшін жойды. Ал, қоқыс жинау жəне жою функцияларын «Сандықтау-Су» мемлекеттік кәсіпорнына берді.
««Сандықтау-Су» мемлекеттік кәсіпорны қоқыс жинап, өңдеумен және су таратумен айналысады. Кәсіпорынның қоқыс жинап, өңдеуге құзыреттілігі әрі «Балкашинский Коммунальщик» ЖШС салыстырғанда тиісті экологиялық рұқсаты жоқ. Прокуратура бұл заңбұзушылықты анықтап, кәсіпорынға айыппұл салды», деп атап өтті ведомстводан.
Кеңесте Сандықтау ауданының жергілікті атқарушы органдарының пікірлері тыңдалды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Вадим Мироновтың айтуынша, қазіргі кезде аудандық қызметтермен бұл істі бәсекелестік ортаға беру бойынша дайындық шаралары жүргізілуде. Осы бағытта байқау жақын уақытта өткізілмек.
«Кеңес мүшелері жеткізіп беруішіні кәсіпкерлік субъектілері арасынан таңдауды жөн деп шешіп, тиісті резолюция қабылдады. Кеңес бұл мәселені бақылауға алатын болады», деп түйіндеді өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.